Атырау, 25 сәуір 22:27
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Сылтаулар бар, су жоқ

6 018 просмотра

Облыстық әкімдікте өткен мәжілісте ауыз су мәселесі  қаралды. Шенеуніктер ауыз сумен облыс тұрғындарының 94% қамтылып отыр деген нақты мәліметтерін берді.

2011-2020 жылдарға арналған жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының жаңа бастығы Бауыржан ЖАЙСАҢОВ есеп берді.  

Жайсаңовтың мәлімдеуінше, 2014 жылға дейін ауыз сумен облыс халқы 100% қамтылатын болады екен. Осы бағдарламаның бірінші кезеңі (2011-2013 ж.) аясында құны шамамен 5 млрд теңге болатын 14 жобалау сметалық құжаттар дайындалып, 26 нысанды салу жоспарланып отыр.

Б.Жайсаңовтың айтуынша, «Ақ бұлақ» бағдарламасынан басқа облыста жақын арада №1 су жіберу стансасы, №5 сүзгілеу стансасы, «Атырау – Доссор – Мақат» және  «Кереген – Сағыз – Жамансор» топтық су таратқыш су көтеру стансаларының құрылысы тапсырылатын болады. «Игiлiк» бағдарламасы бойынша Құлсары қаласында ішкі кварталдық желі құрылысы, сондай-ақ, Құрманғазы ауданындағы «Қоянды» және Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ» топтық су таратқыштарының құрылысы жалғасады екен.

Бастапқыда аудан әкімдері бірауыздан нысан құрылыстарында ешқандай проблемалар жоқ деп мәлімдегенімен, мәжіліс барысында олардың кейбіреулерін атауға бел шешті. Құрманғазы, Махамбет және Индер аудандарының әкімдері құрылыс жұмысын созып отырған мердігерлердің жұмысына шағымданды. Бірқатар нысандарда тіпті, жұмыстардың басталмағандығы да айқын болды. «ЦентрСтройЛТД» ЖШС-нің атына көп сын айтылды. Серіктестік өкілі оның түрлі себептерін алға тартып, жұмысты ертеңгі күннен бастап-ақ жандандыруға уәде берді. Бұл компанияның облыстық әкімдікте де бірнеше рет жұмыстарының баяулығы мен сапасыздығына байланысты сынға алынғандығы белгілі. Сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бұрынғы бастығы Баязитоваға қатысты шулы істе де бұл компанияның аты аталған еді. Қалай дегенмен де бұл компания бюджет миллиондарын игеріп, жұмыстарын жасауды әлі күнге жалғастырып келеді.Қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ мердігерді бұлайша талтаңдауы үшін сыбап алды және қосалқы мердігер жалдауға кеңес берді.

Мәжілісте Индер және Қызылқоға аудандарындағы жерасты суларының қорлары туралы мәселе қозғалды. Жерасты суларын зерттеу жұмысының 1985 жылы тоқтатылып тастағандығы анықталды. Бүгінгі күні мұндай бірегей ресурстардың тек 5-6 пайызы ғана қолданылып отыр. Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты қолдануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВҚА зерттеу жұмыстарын қайтадан жаңғырту тапсырылды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

9 маусым 2011, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.