Атырау, 20 сәуір 03:30
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

ҰБТ-ның тағдырын «сотка» шешеді

4 334 просмотра

Атырау облысында екі күн 6-шы және 8-ші маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтті.  Алғашқы күннің алдын-ала жасалған қорытындысының орташа нәтижесі 84,8 баллды құрады.

 

Биылғы жылы облыс мектептерін 5 710 түлек бітірмек, оның  5 034-і ҰБТ-ден өтуге ниет білдірді. Тестілеу жеті қосында өтті. Алғашқы күннің нәтижелері бойынша облыстық білім беру басқармасының бастығы Киікбай ЖАУЛИН есеп берді: ең жоғарғы -125  баллды Ұлттық гимназияның үш түлегі жинады, үздік аттестат алудан үміткер 26 түлектің 15-і алды, ал, «Алтын белгіден» үміткер 69 оқушының 55-і ғана өз білімдерін дәлелдей алды. Орташа балл 84,8 құрады.

Ұялы телефондардың  байланысын айырып тастайтын қондырғыларға қатысты түсініксіз жағдай орын алды. Білім беру министрлігі ондай қондырғылардың ҰБТ өтетін барлық қосындар да қолданылатындығы туралы мәлімдеген еді және сол қондырғалармен барлық аудиторияларды жергілікті атқарушы органдар қамтамыз етуі тиіс болатын. ҰБТ өткізуге дайындық жұмыстарына қатысты болған облыстық әкімдіктің кезекті бір отырысында облыстық білім беру басқармасының  бастығы Киікбай Жаулин біздің облысымыздың құқық қорғау органдарында ұялы телефондардың дыбысын басатын арнаулы қондырғылардың жоқ екендігін айтты.  Сол мәжілістің соңында бұл тақырыпқа бола басты қатырмай, абитуриенттерді барынша мұқият тексеру қажет деп шешілді. Біз фототілшімен бірге 8 маусым күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде орналасқан ҰБТ өткізілетін қосынға келгенде кірер есік алдындағы кезекшілер дыбыс тұншықтыратын қандырғының барлық аудиторияларда жұмыс істеп тұрғандығын айтты. Ол қондырғылардың қайдан алынғандығын кезекшілерден білу мүмкін болмады. Сол маңда кезекші болған ата-аналардың айтуы бойынша, ұялы телефондардың барлығы бірдей «тұншықтырылмаған» болып шықты. 6-шы және 7-ші аудиторияда «құлақ кескендей» болған, 5-ші аудиторияда да ара-тұра жоғалып кетіп отырған, ал, №1,2 аудиторияларда байланыс жақсы болған. Сол аудиториядағыларға ата-аналарына смс-хабарландырулар жіберуге мүмкіндік болған. Ал, олар өз кезегінде мектепте кезекшілікте отырған мұғалімдерге хабарласып, олардан кеңестерін алған. Мен бір ата-ананың қолынан сұрақтардың нөмірі мен жауап нұсқаларын жазып алып отырған дәптерді көрдім. Басқа да ата-аналар үнемі телефон арқылы келіссөздер жүргізіп отырды. ҰБТ қосыны орналасқан Атырау мұнай-газ институтында да осындай жағдай орын алған. Бір аудиториядан оқушылар хабарламаларын ата-аналары мен ұстаздарына кедергісіз жібеіріп отырған, енді бір аудиториядан ешқандай хабарламалар түспеген.

Ал, мына Маргуша ӘЖІҒАЛИЕВА өз баласы Наурызбек ӨТЕПҚАЛИЕВ ҰБТ тапсырып жатқан аудиторияда телефон байланысы бар ма жоқ па, тіпті, білмейді. «Ол «Дарын» мектебінің түлегі, олар ҰБТ-ға үнемі дайындалып келді,  бұған дейінгі сынақ тестілерінде де ол жоғары балл алды. Оның бүгін де оңай тапсырып шығатындығына сенімдімін. Наурызбек өзімен бірге телефонын алған да жоқ, ол тек өзінің біліміне ғана сенеді», дейді анасы.

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢайтуынша, құқық қорғау органдарының өкілдері ҰБТ өтетін қосындардағы қоғамдық тәртіпті қадағалаумен айналысқан,  бірақ, ешқандай ұялы байланысты  айырып тастайтын  қондырғаларды ұсынбаған, оның үстіне оларды ешбір аудиторияларға орнатумен айналыспаған  болып шықты. Біз облыстық білім беру басқармасының бастығына хабарласуға тырысқанымызбен,  оның хатшысы  кімнің сұрап тұрғандығын егжей-тегжейлі біліп алып бес минуттан соң хабарласуды өтінді. Дәл бес минуттан соң Жаулин мырза кабинетінде жоқ болып шықты. Хатшысының айтуынша, ол «жоғара жаққа» мәжіліске кетіпті. Басқарманың кейбір мамандарымен телефонмен сөйлескенімізде ондай техника ҰҚД тарапынан берілген болар деген болжамдарын алға тартты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген  В. Истомин

9 маусым 2011, 16:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.