Атырау, 19 сәуір 05:21
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Бес шақырым жердегі “батпан құйрық”

5 501 просмотра

Жақындай бергенде мұрныма келген иістен демперде алмақшы боп, ұмытып кеткенім есіме түсті. Бірақ бір таң қалғаным, бұл жерді шірінділердің жұпар иісін тұмшалаған ащы күйік иісі алып кеткен екен. Алайда менің сұхбаттасушым, осы кәсіпорынның басқа қызметкерлері секілді, іш жиған жоқ.

 

- Үйреніп кеткенсіз бе, Заур Амантайұлы?

- Сіз де кешікпей үйренесіз, - деп жұбатып қойған «Арнаулы автобаза» КМК директорының орынбасары ЖАЙЛЫБЕКОВ маған ынтамен түсіндіруге кірісті.

Қалалық қоқыс орнының барлық 35 гектарын бір шолғанда қамти алмайсың. Бұл құс жолының биіктігінен ғана мүмкін болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ осы жердің тіршілік иелері – барқылдаған семіз шағалалар мен қарғалар үшін тегін асхана ауқымының маңызы шамалы сияқты. Құдай сақтасын, көп нәрсені тұтынады екенбіз ғой. Былықпа болған жүздеген мың тонна қоқысты осынау тау-тау болған үйінділердің қасында ойыншық секілді көрінген алып машиналар әкеліп, төгіп тастап, кері кетіп жатыр. Ал содан жұмысқа бульдозерлер кіріседі. Ешқандай жиіркенбестен олар үйіндінің қақ ортасына дейін енеді де, кері қайтады, содан соң қайтадан тегістеуге кіріседі. Үйілген қоқыс төбешігі қоршаған қоқыс ландшафтының деңгейімен бірдей етіп тегістеледі. «Тегістелген» қабатқа 10-15 сантиметрдей топырақ себіледі. Осы жерде нүкте қойылады. Пайдаға жаратудың техникалық циклі аяқталды деп есептеледі.

 

ӨРТ ҚАУПІ БАР НЫСАН

- Қоқыс үйінділерінің биіктігі неше метрді құрайды?

- Нақты айту қиын, бірақ 10-15 метрден кем емес, - дейді жел мен шаңнан көзін сығырайтқан Заур Амантайұлы.

- Ал мына күйік иісі үнемі шығып тұра ма? Қазір бір жер жанып жатыр ма?

- Иә, үнемі осындай иіс шығады.

Жайлыбековтің айтқанынан түсінгенімдей, қоқыс атаулы бір ошақ басында ғана емес, әр жерде бықсып жанып жатады екен. Осыны растайын дегендей, көз алдымда кенеттен әріректегі үйіндінің арасынан жіңішке ғана ақ түтін пайда болды.

- Иә, осылай бықсиды да, содан соң осы қызу өзіне жол салып алып, жер астынан осылай бұлқынып шығады. Ал егер жақын барып сол жерге қарасаңыз, ол жердегілердің барлығының қызудан қып-қызыл боп кеткенін көресіз... – деп әңгімеледі ол. Ал мен жанартауды елестетіп, кенет, аяғымның астынан осындай лава атқыласа деген үреймен жан-жағыма алақтап қарап қойдым.

Кейінірек, қоқыстарды айналып шығып, жақын маңдағы шағын ғана учаскеден осындай жеті шақты түтін өрімдерін көрдім. Ал алыстан осы қоқыстардың үстінен қалың тұманды түтін торлап алған. Қоқыс құдды бір тіршілік иесіндей әлгі бықсыған саңылаулардан тыныс алып ап,  оның астында, тым тереңде  әлдебір әрекет жасайтындай...

- Атылуы мүмкін бе?

- Жоқ, -дейді басын сенімді түрде шайқаған Жайлыбеков. – Құдайға шүкір, ондай болып көрген емес.

- Ал өртті қалай өшіресіздер, өрт сөндіретін машиналар келгенше алыс қой?

- Бізге өрт сөндіретін машина керек емес. Бәрін өз күшімізбен жасаймыз. Тұтана бастаған кезде бульдозерлер осы учаскеге ор-жыралар қазады. Сол кезде самосвалдар топырақ сеуіп, жалынды басып тастайды.

- Қоқыстың тұтануы маусымдық машақат па?

- Иә, бағымызға қарай, қыста ол өртенбейді. Қыста қоқыс ылғал боп келеді, кейде дымқыл, мұз боп қалған, жабысқақ боп келеді. Ал жазда жанып кетуі оп-оңай. Әйнек шынылар күн сәулесіне шағылысып, шоқ сәуле шүберектер мен қағаздарға түседі де, осы жердегі қуалаған жел кез келген ұшқынды тұтатып жібереді...

 

ҚОҚЫСТЫҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ

Қоқыс орны таңертеңгі 8-ден кешкі сағат 6-ға дейін аптасына 7 күн демалыссыз жұмыс істейді.

- Егер ол бір күн тоқтап, қоқыс қабылдамайтын болса, біз онда оған әліміз келмей қалады, - дейді Жайлыбеков. – Қазір қала бойынша бөлінген 4 аймақта үнемі 33 машина жүреді. Бірақ қала аумағы ұлғайып келеді. Әлі есімде, осыдан бес жыл бұрын қазіргі қызметіме енді кірісіп жатқан уақытта жаңа 13 машина алынған-ды. Бітті, енді артығымен жетеді деп ойлағанбыз. Содан бері парк жыл сайын толығып отырады. Бірақ сонда да әзер деп үлгеріп жатамыз. Қоқыс көлемі үнемі көбеюде. Біртіндеп емес, бірден көбейіп кетеді. Қазіргі қарқынмен бұл қоқыс орны қоқыстан көрінбей, қаладан жаңа гектарлаған жерлер сұрайтын сияқты. Тіпті, осынау алып қоқыс айдаһары күндердің күнінде қаланы жұтып алатындай көрінеді. 

- Егер сұрыптайтын зауыт салмасақ осылай болады. Жалпы ол керемет нәрсе ғой. Оған неліктен ақша таппайтынын түсіне алмаймын.

- Ал сіз қоқыс құрамына зерттеу жүргізген жоқсыз ба?

- Бұл қоқыстың морфологиялық құрамы деп аталады. Иә, біз осындай жұмысты 2008 жылы алматылық институттардың біріне тапсырған едік. Жазып алыңыз: тамақ қалдықтары – 32,5%; қағаздар, картондар – 27,6%; құрылыс қалдықтары – 10,8%; пластмасса – 8,3%; шыны – 4,3%; қара металдар сынығы – 2,2%, ағаштар – 1,2%; сүйек, резіңке, былғары – 0,8%; түсті металдар сынығы – 0,7%; басқалары – 11,6%.

Егер осы зерттеуге сүйенер болсақ, онда өз көзіңізге сенудің қажеті жоқ. Ал менің көзім қоқыс құрамындағы негізгі элементті – он мыңдаған сыраның босаған бөтелкелерін айқын көріп отыр. Жер-жерде шашылып жатқан пластик ыдыс пен полиэтилен қалталарды айтпағанның өзінде. – Көз мөлшерімен 30 пайызды қағазға, шамамен 30 пайызды пластмасса мен полиэтиленге берер едім. Шынылар да 20 пайыздан кем болмайды. Мен бір ғана нәрсені түсінбеймін – мұның бәрін қайта өңдеу үшін қабылдауды неліктен тоқтатып тастаған?! Бар бөтелкені жуғаннан, жаңа бөтелкені жасаған арзан әрі оңай болғаны ма?! Біздің кезімізде мұның бәрін жинап, тапсыратын, өйткені шыны әйнек пен қағаз ақша тұратын. Бір бөткелке – 12 тиын болатын. Бұл көп ақша еді, - дейді Жайлыбеков.

Жартылай айналымнан қалай ақша жасауға болады? Заур Амантайұлының пікірінше, қағаздан, шыныдан, пластмассадан, тоқымадан жасауға болады екен.

Тағы да бір көріністі көзім шалды. Кіреберіс қақпаға жақын маңда сұрыпталған пластиктер, ішінде не нәрсе бар екені белгісіз полиэтилен дорбалар, тай-тайымен жаймалармен буылған тоқымалар, көрпелер үйіліп тасталған. Сәл әрігірек бетон сақиналар мен металл бактар жатыр... Соған қарағанда, осының бәрі біреулер үшін қажет секілді.

 

МАЛҒА АРНАЛҒАН ҚОРА

- Сіз қағаз бен шынылар туралы айтып кеттіңіз. Ал тамақ қалдықтарының проблемасын қарғалар мен шағалалар шеше ме?

- Білесіз бе, дағдарыс халықты бір жүйеге салған секілді. Тамақ қалдықтары азайған. Өзім де үйдегілерге тек жейтін мөлшерде ғана дайындаңдар деп айтып жүремін. Құдайға шүкір, дүкендер жетерлік. Артық қор жинап қажет емес. Жаңа піскен нанды кез-келген уақытта ала аласың. Бірақ жазда, әсіресе тамыз айында көкөністер, жемістер пісетін уақытта қалдықтар көп болады.

- Қоқыс үйіндісінен «жұпар» аңқиды екен ғой?

- Иә, сол кезде малдар үйірсек болады.

- Күресесіздер ме?

- Күресеміз, - деп күлді Заур Амантайұлы. Содан соң мені ұсқынсыздау нысанға қарай апарды.

- Мұның не екенін білесіз бе? – деп сұрады, қазылған қорқынышты кейіптегі жеркепені көрсетіп. Оның қабырғаларына экскаватор шөмішінің ізі түсіп қалыпты, ал есігі металл қоқысынан құрастырылған екен.

- Уақытша қамайтын қора ма? – деп сұрадым.

- Дәл солай! Қоқыста өзінен-өзі жайылып жүрген сиырлар айналғанда осында келіп түседі. Қожайындары осында болғаны үшін ақша төлемейді.

 

ҚОҚЫС ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Қоқыс үйінділеріне көмілген қазыналар туралы қызықты әңгімелер көп. Алайда «Арнаулы автобаза» директоры Дулат ТҰРҒАМБАЕВ та, оның орынбасары да қоқыстан інжу-маржан таппапты. Жалпы, ол туралы айтарлықтай ештеңе білмейді екен. Әлде шенеуніктерге қоқыс орнындағы  қазына аралы жайлы  әңгімелеу ерсі көріне ме екен? Ал бульдозерші Саняның жөні бөлек. Ол қарапайым адам, өтірік айтпайды, жасыратын да ештеңесі жоқ.

- Қоқыс үйіндісінен түрлі нәрселер табылады деп естимін. Әсіресе ақша толтырылған көрпелер туралы қызықты әңгімелер көп. Есіңізде ме, бір әжей ақшаны жинап, көрпенің ішіне тыға берген. Ал көз жұмған соң оны қоқысқа лақтыра салған...

- Бәлкім, ондай болған да шығар. Оны бірақ тапқан адам алып кетеді ғой. Мен қазып жатпаймын, менің жұмысым қоқысты жермен-жексен етіп тегістеп, бетіне топырақ себу. Жалпы, ол жерден көп нәрсені табуға болады. Бірақ ол дабырасыз жасалады. Тапсаң - сенікі. Көбінесе ол жерден ұқыпсыз адамдар құжаттарын іздеп жүреді.

- Табыла ма?

- Егер уақытында естеріне түсіп, қай ауданнан қандай самосвалдың жүретінін анықтаса, тауып алады. Бірден қазушылармен ақша – сенікі, құжат – менікі деп келісіп алады. Немесе қазған адамға сыйақы береді.

- Шынымен де қоқыс орны асырайтын болғаны ма?

- Неге асырамасқа?! Білесіз бе, түрлі тексерулерден кейін шұжық-мұжық, йогурт, май дегендердің түр-түрін әкеліп тастайды?!

- Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді жою керек емес пе?

- Жою керек қой, бірақ үнемі олай болмайды. Кейбіреулер тіпті барлығының жойылғанына көз жеткізу үшін арнайы түсірілімге тапсырыс береді. Тіпті осындай жағдайдың өзінде де ештеңеден жиіркенбейтіндердің қолына әлденелер ілігіп жатады. Бәрін бульдозермен жаншып тастай алмайсың. Камераны қалай айырады, солай адамдар қолдарындағы пакеттерімен жүгіреді...

- Бақылау-өткізу қосынынан қызықты ештеңе кездестірген жоқсыздар ма деп сұраған едім. Ештеңе, қоқыс жәшіктерінен бәрін алып кетеді деді. Күзет орнындағы жиһаздардың жекелеген бөліктері осы жерден құрастырылған шығар деп ойлаған едім. Бірақ диспетчерлердің айтуынша, олай емес екен.

- Оның бәрін қайдан алды деп ойлайсыз? Үйінен әкеледі дейсіз бе?! Әрине, бәрі қоқыстан алынған.

- Демек, қоқыс орнынан бәрін табуға болатыны рас па?

- Қоқыс орнынан іздесең ай бетінде жүретін аппаратты да табуға болады. Мен сізге мынаны айтайын. Әйелім екеуміз бас қосқан кезде пәтер жалдап тұрдық. Жалаңаш қабырғалар мен еден ғана болатын. Кешікпей үйдің ішін жиһазбен толтырып қойдым. Тоңазытқыш, теледидар мен креслолы диванды қайдан алды дейсіз? Қоқыс орнынан алдым. Бәрі де жақсы күйде болды. Бұл нәрселердің бәрін ауыстырдым, қазір плазмалық теледидар мен басқаларын сатып алатындай жағдайым бар. Ал оған жағдайы келмейтіндер осылайша қоқыс орнынан үйлеріне тасиды. Кейбіреулер тіпті одан үй салады. Осыдан он жыл бұрын сондай бір кісі болды. Коттедждің іргетасын қалағаннан бастап төбесін жапқанға дейінгі бүкіл құрылыс материалдарының бір грамын сатып алмастан, қоқыс орнынан алды.

- Ал сізге бағалы заттар кездесті ме? Мәселен, ескі бұйымдар?

- Бұл сұрақты қазушыларға қойған жөн. Болған да шығар. Менің тек бір жағдай ғана есімде. Сегіз жүз бәленбайыншы жылғы самауырды тауып алды, көне бұйым екені бірден көрініп тұрған еді. Бағалаушылар қазып алушыға бәлкім қымбат баға берер еді, ал оған бәрібір болды. Оны түсті металл сынығына тапсырып тастады...

- Маған қоқыс орны баспанасыздар үшін паналайтын жер секілді көрінетін, ал мына жерде олар жоқ сияқты ғой.

- Иә, олар жоқ қазір. Дегенмен бес жыл бұрын олар көп болатын. Біреуі осында тұрақтап тұратын. Кейін мастықпен оны сол жерде өлтіріп кетті. Содан бері қарай бұл жерде бомждар жоқ.

- Яғни, қоқыс орнында өліктерді кездестіруге болады екен ғой?

- Ондайлар болған. Көбінесе балаларды тауып алады.

- ?..

- Дәлірек айтқанда, түсіктерді кездестіреді. Тек оны ғана емес. Неше түрі болады ғой, несін айтайын оның.

- Сонда қалай, іс қозғалып, балаларды өлтіргендерді тапты ма?

- Қайдағы, қазушылар кеше немесе ана аптада көрдім деп айтар деймісіз? Кімді шақырады сонда, ендігі бәрі жүз рет тегістеліп, топырақ сеуіп тасталды ғой.

Дегенмен бір кездері милиция шақырып, бәрін рәсімдеп, анасын тауып алған жағдай есіме түсті.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

9 маусым 2011, 16:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.