Атырау, 28 наурыз 19:43
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Бірінші сыныптан бастап ғылыммен айналысамыз

4 243 просмотра

Келесі жылдан бастап Қазақстанда 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Бұл мәселе «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымының департамент директорының орынбасары Роман БАЙҒАЗИЕВ, Ұлттық білім беру академиясының кафедра меңгерушісі Шолпан ШҮЙІНІШАЛИНА және «Назарбаев Зияткерлік мектебі» оқу орталығының бөлім бастығы Тойбек ӘУБЕКЕРОВТІҢ қатысуымен өткен баспасөз конференциясында талқыланды.

ЖАҢА ПӘНДЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

Орта білім беруге жаңашылдық енгізу «Назарбаев Зияткерлік мектебі» тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіледі. Бастауыш мектепке информатика, табиғи ғылымдар кіріспе курсы, өнер сияқты жаңа пәндер енгізілмекші. «Өзін-өзі тану» пәнінің мәртебесі өзгертіледі, яғни, гуманитарлық ғылымдардың кіріспе курсы болады. Басқаша айтсақ, әр білім саласы енді бірнеше бір-біріне жақын пәндерді біріктірмекші. Мәселен, «Тіл мен әдебиет», «Математика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өнер» пәніне «Бейнелеу», «Музыка», «Технология» біріктіріледі. Үлкен мектеп (11-12 сыныптар) жоғары оқу орнына түсуге бағытталады және оқыту технологиясы мен бағалау жоғары оқу орны стандарттарына жақын болады. Жаңа оқу бағдарламаларын кезеңдермен енгізу жоспарлануда. 2015 жылы мектепке баратын бүлдіршіндер бірден жаңаша оқытылатын болады. Жоғары сыныптарда өзгерістер кезеңдермен жүргізіледі: 2015 жылы 10-сынып оқушылары үшін тілдер мен информатикадан жаңа бағдарламалар пайда болады, 2016 жылы осы пәндер бойынша 5-ші және 8-сыныптар жаңаланады. 6, 7 және 9-сыныптарды оқыту содан кейінгі жылдары өзгереді.

 

ЖҰРТПЕН БІРДЕЙ БОЛАМЫЗ

Роман Байғазиевтың айтуынша, 12 жылдық орта білім беру әлемнің барлық дамыған елдерінде, сондай-ақ, көптеген посткеңестік елдерде (Ресейден басқа) көптен бері қолданысқа енгізілген.

- Бұрын жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін шәкірт мамандығы бойынша жұмыс жасау үшін барлық қажетті дағдыларға ие болады деп есептелді. Алайда, қазір еңбек нарығында кейбір дағдылардың жетіспеушілігі бар, өйткені, ғылыми білімдер үнемі жаңаланып отырады, технология тез дамып жатыр, - деді Р. Байғазиев. - Қазір жұмысқа орналасу үшін бір мамандық бойынша стандартты білімге ие болу жеткіліксіз. Сондықтан да, бастауыш сыныптан бастап біз балалардың сыни ойлау, белсенділік, икемділік және жаңа жағдайларға бейімделе алу қасиеттерін дамытуымыз қажет.

Жаңа стандартты енгізумен қатар болуы мүмкін қатерлер - мұғалімдердің біліктілігінің жетіспеушілігі, олардың жаңашылдықты қабылдағысы келмеулері, педагогикалық жоғары оқу орындары мен қолледждердің, жалпы білім беру мектептерінің алшақтығы, ата-аналар қауымдастығының дұрыс түсінбеуі және т.б. туралы әңгіме қозғалды. Сондықтан да реформа тек жаңа оқу жоспарларымен ғана шектелмеуі қажет, кең түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, педагогтар еңбегін төлеу жүйесін жетілдіру керек. Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанның 104 мектебінде (45 ауылдық және 59 қалалық) 12 жылдық білім беруге көшу бойынша сынақтар жүріп жатыр. Соңғы екі жылда біліктілік арттыру курстарынан 22 773 мұғалім және 250 мектеп директоры өтті, сонымен қатар, білім және ғылым министрлігінің 270 қызметкерін оқыту ұйымдастырылды.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Шолпан Шүйінішалина балабақшалар мен мектеп жанындағы шағын орталықтарда мектепке дейінгі дайындық өзгерістерге ұшырамайтынын айтып өтті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.